Уф, дедім кеше редакциядағы жұмыстардың етек-жеңін жинастырып… “Ана тілінің” ұжымында жүргеніме бүгін 1 жыл бес ай 12 күн! Жұмыс күші жетіспей редакторым әуелі жибергісі келмеді. Зорға дегенде сұранып, екі апта туған каламда, әке-шешем мен бауырларымның қасында аунап-қунап қайту бақытына ие болдым. Оралга Алматы-Орал пойызы Қазақстанның оңтүстігіндегі төрт қаланы көктей өтіп, 2 тәулікте әрең жетеді. Күн ыстық. Жолдың қиыншылығын көтеруге тура келеді. Бірақ “Ауылға, ауылға, ауылға, Ауылға-ағайын қауымға” деп кетіп бара жатырмын қуанып. Көріскенше! Достар!
Тамыз 10, 2008
Тамыз 8, 2008
Ақ көгершіндерді аялау
Мен оларды адамдардың арасында хат-хабар тасып тұрған ақ көгершіндермен салыстырамын. Адам аяғы жетпеген жерге олар ұшып барады, небір қиындықтар мен қауіптерге қарамастан қанаты талмай ұша береді, ұша береді… Сөйтіп жүріп, қаныішерлер мен қатыгездердің мылтығының нысанасына ілігеді….
Мәскеу мэрі Юрий Лужков жақында Марьин паркіндегі атақты журналист Артем Боравиктің қасынан қастандықтың құрбаны болған журналистер Анна Политковскаяға, Дмитрий Холодовқа ескерткіш қойылатынын айтты. Бұдан жараның орны бітпейді, бірақ Анна мен Димадан кейінгі мыңдаған журналистердің кеудесін намыс кернеп, алға ұмтылдыратыны сөзсіз. Ондай ”ақ көгершіндер” бізде бар. Бірақ олардың өршіл рухына тағзым етуге біздің биліктің шалқақтығы жібермейді.
Тамыз 3, 2008
Днепр мен Есіл егіздей болған екі күн

Ойда жоқта редакцияға Қазақстан жастар альянсынан Украина мен Қазақстанның жас журналистерінің форумына қатысуға шақырту келіп, дүйсенбіде газеттің жұмысынан бір аптаға болса да құтылғаныма қуанып, “Қайдасың, байтағым!” деп тартып отырғам. Астанаға таңда жетіп, асыққанның кесіренен қас қылғанда пойызда шұлғауымды ұмытып кетіппін. Астанадағы досым-Жанар екеуміз ебіл-себіл боп мәгәзіннен шұлғау іздеп, зорға таптық қой. Сөйтіп “Rixos Prezident Hotel Astana” қонақ үйінде өткен (Астанадағы қонақ үйлер де, мейрамханалар да көбіне ағылшынша аталады екен, өкініштісі) салтанатты ашылуға үлгеріп, Украинадан келген әріптестерімізбен суретке түстік. (суретте солдан оңға қарай: 1.Микола Явченко -Украинаның жанұя, жастар және спорт жөніндегі министрлігінің баспасөз хатшысы. 2. Олег Ахметов – “Астана” телеарнасының журналисі. 3. Наталья Жуковская - ”УТР” телеарнасының журналисі. 6.Валерий Джигун – Қазақстандағы Украинаның уақытша сенімді өкілі. 7. Мен)

