AIDIN TASA BETI

Мамыр 27, 2008

Туған күн бе, “қуған” күн бе немесе өзін Билеуші Пайғамбар -Президент атаған Балтабай Рахымжанов кім?

төмендегі жазбалар Категориясы жоқ — nurbolatuli @ 9:15 тд

Жұртты бабаларының басына апарамыз деп әруақ мазалап, бейiт басын бизнес көзiне айналдырған «Ақ жол», «Ата жолы» дегендердi естушi едiк.

Әл-Фараби даңғылынан 68-шi бағдарлы автобусқа отырып, «Баба бүгiн қуанатын болды, ұрпақтары көп жиылып жатыр!» деп жамырасқан кәрiсi бар, жасамысы бар он бес шақты кiсiге iлесiп, Ремизовкаға (қазiргi Қарасай ауданы, Ерменсай ауылы) қарай әулие Қажы Баба дегеннiң зиратына бет алғанда маған «бұл да аты әйгiлi «жолдардың» бiреуi болды-ау» деген ой келдi.

Тепкiшекпен жоғары көтерiлiп, төбенiң басына шықтық. Елу-алпыс адам жиылып қалыпты. Осы жердiң шырақшысы болса керек, Әдiлжан деген бiреу самбырлап Қажы баба мен оның «мирасқоры» Балтабай Рахымжанов туралы баянын бастап кеттi.

Қабiрдiң белгiтасында «Қажы баба. Б.э.д III-IV ғасыр. Сақ-үйсiн Күнбиi (көсемi) Бүкiл түркi халықтардың ата-тегi. Бабалардың бабасы» деп жазылыпты. Ал Әдiлжанның әңгiмесiне құлақ түрсек, Қажы бабаның сүйегiн осы жерге қойғызған Балтабай Рахымжанов – 1945 жылы 9 мамырда (халықтың көп жиылуына себеп – сол күнi Балтабай Рахымжановтың 63 жасқа толған) Оңтүстiк Қазақстан облысы, Бәйдiбек ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Мал дәрiгерлiк институтын үздiк бiтiредi. Биология ғылымдарының кандидаты атанып, қарапайым оқытушы болып жүргенде 1991 жылы бiр ресейлiк iрi фирма Балтабайды жұмысқа шақырып, Францияға жiбередi. (Балтабайдың өзi бiр сұхбатында «90-жылдары Черномырдинның шақыруымен Ресейге қызметке кеттiм. Тәуелсiздiктi жаңадан алған Қазақстанмен байланысты нығайтуға Ресей де мүдделi болатын. Николай Рыжковтың үкiметi кезiнде менi Францияға оқуға да жiберiп алды. Негiзiнен мен онда Ресей губерниялары мен Қазақстан облыстары арасындағы байланыстар жөнiнде жұмыс iстедiм» дептi. (Azia times. Қазақстан №1 наурыз. 2006 жыл/ Балтабай Рахымжанов, ҚР Президенттiгiне экс-кандидат: «Назарбаев маған өз орнын ұсынып жатса, оған да таң қалмаймын»)

Сөйткен Балтабайға түсiнде, Әдiлжанның әңгiмесiне қарағанда, 1993-94 жылдары Мәскеуде жүргенде қаба сақалды, зор денелi адам аян берiп, «Үйдiң жанынан 3х4 көлемiнде жертөле қаз. Сонда үлкен қазынаға кезiгесiң» дептi-мiс. Күндердiң күнiнде Балтабай Ремизовкадағы саяжайдан iнiлерiмен бiрге жертөле қазып жатқанда адамның қаңқа сүйегiн тауып алады. Сүйектi тазалап, құран аятын оқып, қайтадан қаза бастағанда биiктiгi жарты метрлiк үш аяқты қола шырағдан-табақ тауып алады. Мүрде мен қола шырағданды тарихшы Манаш Қозыбаев пен археолог Карл Байпақовқа көрсетедi. Олар зерттеп, «ұзындығы 2 метрден асатын бұл адам өмiр сүрген уақыт бiздiң бабаларымыз сақ-үйсiн тайпаларының өмiр сүрген кезiмен тұспа-тұс, яғни б.д.д. III-II ғасыр» деген болжам жасайды.

Осылайша, сүйек ғалымдардың қолында жетi-сегiз жылдай зерттеуде болады.

Бiрақ Балтабайға бабасы маза бермейдi. Тағы да «менiң сүйегiмдi қайтарып, осы жерге жерле» деп аян бередi. Балтабай ақыры сүйектi қайтарып алып, 2002 жылы Ремизовкадағы төбеге қайта жерлетедi.

Әдiлжан жеткiзуiнше, «Балтабай аға сүйектi жерлеп, ендi тыныш ұйықтаймын десе, Қажы баба тағы да түсiнде: «Тұр орныңнан, неғып жатсың?!» деп қоймайды. Орнынан тұрып, бабаның қабiрiне келсе, кешегi көмген жер жайрап жатыр дейдi. Сол кеде сүйекке сәуле түсiп, дөп-дөңгелек жарыққа айналады да, жан кiредi. «Мен мына әлемнiң билеушiсiмiн. Мына Алматы – менiң табанымның бiр нүктесi ғана» деп Қажы баба қолын сермеп кеп қалғанда Алматының асты толған сүйек дейдi. Балтекеңе: «Төңiректе қанша қабiрдiң жатқанын көрiп тұрсың ба? Мұның бәрi менен кейiн өлгендер. Сендер ойлағандай маған 2-3 мың жыл емес, тура 9999 жыл болды. Сен менiң мұрагерiмсiң, мен сенiң Пiрiңмiн. Жертөле қазылған жерде саған арнап қола шырағданның сынығын қалдырдым. Сол сенiң бойтұмарың. Соны тағып жүрсең, «Алтың балықтың иесi» (не тiлесен, сол орындалады деген мағынада–Ә.Ж) боласың» дептi.

Әдiлжан осылайша жан түршiгерлiк әңгiменi қыздырып жатқанда, ту сыртымыздан ақ жаулықты екi-үш әйел әр жерден бураша буырқанып, кекiре бастады. Бiрақ неге екенiн беймәлiм, өңге жұрттан мұндай оғаш қылықты байқамадық.

Әдiлжанның әңгiмесiне одан әрi құлақ түрдiк. Балтабай ендi құдiрет иесi бола бастады. Бойтұмарға ие болған соң кереметтерi көбейдi. Баба жерленген төбенi алу үшiн жазушы Шерхан Мұртазаға көмек сұрай барғанда, ол Досхан Жолжақсыновқа сiлтейдi. Досхан Жолжақсынов жұлынына зақым келiп, ауруханада жатыр екен. Оған Балтабай бойтұмарды ұстатып, «Жазылып кетесiң!» дептi. Көп кешiкпей Досханның бетi берi қарап, ауруынан құлан-таза айығып кеткен. Тағы бiрде Балтабайдың баласы үйленетiн болып, ауылға соғым iздеп шығыпты. Түнгi сағат үштiң кезiнде Қордай мен Ұзынағаштың бойында мәшинелерi қарсы келе жатқан көлiкпен соқтығысып, апатқа ұшырайды. Сонда Балтекең де қалғып кеткендей болып, от-нұр оранған құбырдың iшiмен зулап ұшып жәннатқа түседi-мiс. Жәннатта мұны баяғы Шаяндағы Қалау ата әулие қарсы алып, «Сен жәннатқа келдiң. Сен ендi үлкен рухты арқалап, жерге қайтуың керек» деп қайтадан фәниге шығарып салыпты. Есiн жиса, iнiлерi абыржып отыр екен. Олар жол жиегiндегi моланы көрсетедi. «Өзiмiз секiлдi апатқа ұшыраған бiр бейбақтың моласы ғой, барып құран оқиық» деп таяп барса, «Мына жерде Рахымжанның ұлы жатыр» деп жазылыпты. Ия, осы бiрлi-жарым әңгiменiң өзi «Балтабай Рахымжанов керемет құдiрет иесi екен» дегенге сендiрмей қоя ма? Оның үстiне, жұртқа көшiрмесi жаппай таратылып жатқан шымкенттiк сарыжағал басылым –«Azia times. Қазақстан» газетiнiң бетiнде Әбiлда Аймақ деген журналист оның керемет құдiрет иесi екенiн былайша тұздықтай түссе: «Тiптi осы жайды көрiпкел Нострадамус бұдан 500 жыл бұрын да айтып кетiптi. Ол кiсi туралы шыққан «Сонник Нострадамуса» атты кiтапта былай дептi: 1999 жыл. 7-ай. Көктен ұлы және айбарлы басқарушы түседi. Ұлы король «Ангел-муаны» тiрiлту үшiн. Ауыр соғыс болады. Бiрақ ол Марсқа дейiн де, кейiн де сәттi басқарады. Осыған қарап мен мынаны топшыладым:

Бiздiң апатқа ұшыраған уақытымыз Нострадамус айтқан уақытпен дәл келiп тұр. Оның «ұлы король Ангел Муа» деп отырғаны бiздiң тапқан бабамыз. Пайымдауымша, және олардың маған аян беруiнше, Нострадамус айтқан басқарушы мен емес пе екен деймiн. Және осының барлығы маған күнi бұрын ескертiлдi ғой. Мен бойтұмарды алып, таға бастағаннан кейiн, Баба түсiме кiрген болатын. Ол маған «Менiң атым – Қажы баба, бұдан былай сен бүкiл түркi халықтарының рухын бойыңа сiңiрiп жүресiң» деген едi.

Осының барлығы шындыққа айналып келедi, – дейдi бiз сөйлескен Балтабай Рахымжанов» (Azia times. Қазақстан №5 маусым. 2006 жыл/ Әбiлда Аймақ. Балтабай Рахымжанов о дүниенi көрiп келген бе немесе қола қазынаның құдiретi)

Баспасөз – күштi қару. Осының арқасында жай ғана топшылауын көпшiлiктiң санасына тықпалаған Балтабай Рахымжановтың атағы шықпаған да кiмдiкi шығады?! Оған дәлелiмiз, төбеге жиылған жұрттың көпшiлiгi Қажы баба туралы, оның «мұрагерi» Балтабай Рахымжанов туралы газеттен оқып, бiрi-бiрiнен естiп келдi. Ал оның құдiретiн дәл сол жерде көзбе-көз көрген ешкiм жоқ.

Бiрақ мен естiгенiмдi емес, сол жерде көргенiмдi баян етейiн. Әдiлжан шырақшы жұртқа Қажы бабадан гөрi, оның «мирасқоры» туралы көп мағлұмат берiп, әне-мiне келетiн Балтабай Рахымжановты алдын ала «жарнамалап» қойды. Сосын сөзiн доғарып, қырағаттап Құран оқып, бүкiл ата бабалардың, әулие-әнбиелердiң атын атап шықты.

Бiр уақытта музыка қойылып, қолына микрофон ұстаған асаба: «Қарсы алыңыздар, Билеушi-Пайғамбар-Президент, «Қажы баба» халықаралық қоғамдық қорының президентi Балтабай қажы Рахымжанов келе жатыр!» –деп жар салды. Неге екенiн кiм бiлсiн, төбе құйқам шымырлап кеттi. Төбенiң басына Балтабай Рахымжанов белгiлi жазушы Советхан Ғаббасовты қолтықтай көтерiлдi. Басында қызыл шалмасы бар, кең ақ көйлек киген Балтабай Рахымжановқа жұрттың бәрi лап қойып, «Туған күнiңiзбен!» деп құттықтап жатты. Ал ол болса: «Әй, мен ешкiмдi шақырған жоқ едiм ғой, мына жұрттың бәрi қайдан жиналды?» деп таңданғандай кейiп танытты.

Әрине, қарапайым мүмiн өзiнiң туылған күнiн дабыра қылып, аста-төк той жасауға тырыспайды. «Ешкiмдi шақырған жоқ едiм ғой» деуi әшейiн жақаурату сияқты көрiндi. Неге десеңiз, сойылған жиырма шақты қой, жайылған дастархан, арнайы шақырылған асаба – осының бәрi алдын-ала мерейтойға дайындалып, алдын-ала жұртшылыққа құлаққағыс қылып қойғанын байқатады емес пе?

Ендi микрофонды алып, ортаға Балтабай Рахымжановтың өзi шықты. Сiрә, «айтылған сөз– атылған оқ». Оның үстiне, бұл жай сөз емес, жұртты өз ұстанымына иландыруды көздейтiн насихат, нағыз. Сондықтан Балтабай Рахымжановтың дәл сол арада жамағатқа қаратып айтқан сөзiн қаз қалпында келтiрейiк:

«124 пайғамбар болса, сендер соның алғашқысына зиярат қылып отырсыңдар. Сiздерге түсiнiктi болуы үшiн былай айтайын, мына бiздiң пайғамбарымызға (Мұхаммед (с.ғ.с) бiр жарым мың жыл болса, ал бұл кiсiнiң туғанына 9999 жыл. Мiне, жетi жыл бойы ЮНЕСКО тексерiп, осындай қорытынды шығарып жатыр. Айтыңыздаршы, 9999 жыл бұрын өмiр сүрген кiм бұл? Ал неге ол маған шығып отыр? Неге бұл кiсiнiң 10 мың жылдан кейiн сүйегiнiң бәрi сақталады? Отыз екi тiсi бар, Египеттегi мумияда тiс жоқ, даже! Армандайсыздар, шiркiн-ай Меккеге барсақ, шiркiн ай, Алланың шапағаты тисе деп. Мешiт саламыз, сол жерге барып Құдайға құлшылық жасаймыз, өзiмiздi өзiмiз дайындаймыз, солай емес пе? Мiне, Құдайға құлшылық жасайтын жер! Он мың жылдан кейiн ана дүниеден, үш метр тереңдiктен, басындағы қазынасымен шығып отыр. Қараңыздар, екi жарым метр қазамын, 2,3-2,5 метр тұрқы бар адамның сүйегi шығады. Бұл кездейсоқтық па? Қараңыздар, басынан мынадай қола шырағдан шықты. Он алты барыс – он алты перiште. Сiздерге түсiнiктi болуы үшiн былай айтайын, егер 45 сантиметрлiк қағба тас бiр перiште болса, ал бұл – он алты перiште. Мұны мен ойдан шығарып отырғам жоқ, Киелi кiтаптан алғам бәрiн. Мен қазiр мың жарым беттiк кiтап шығарғалы отырмын, ол кiтапты оқысаңыздар – бiздiң кiм екенiмiздi, қайдан шыққанымызды, қайда баратынымызды, ана дүниеде не бар екенiн – бәрiн жазып шықтым. Кiшкене қаржы көзi табылса, 100 мың дана қылып шығарамын. Бiз сонда дүниеге мүлдем басқаша қарайтын боламыз. Мұның бәрiн Қажы баба берiп отыр маған. Мен өзiм ешқашан кiтап жазған адам емеспiн. Бұл – маған тапсырылған аманат. Қараңыздаршы, мiне, он алты барыс – он алты перiште екi қасқырды қоршап тұр. Бiз қайдан шықтық? Қасқыр тұқымынан. Рим қайдан шықты? Қасқыр тұқымынан. Бүкiл дүние жүзiнiң тең жартысы қасқыр тұқымынан шықты. Ортасында қошқар тұр. Ибраһим пайғамбардың Алла Тағалаға арнап құрбандыққа шалған көк қошқары қоладан жасалып көрсетiлiп тұр. Бiз жай ғана кiтаптан оқитынбыз. Мiне, сiзге заттай дәлел. Мiне, сiздер осы жерде құрбандық шалуларыңыз керек, осы жерде Алла Тағалаға сыйынуларыңыз керек.

Бiз патриотпыз ғой. Қазып алғаннан кейiн, осы қола шырағдан мен Қажы бабаның сүйегiн Орталық мемлекеттiк музейге тапсырып жiбергенбiз. Мен қайтадан Мәскеуге кеттiм. Ана Құрманғазы iнiм бiр жылдан кейiн музейге бармай ма. Сөйтсе, мына шырағданды 50 миллион долларға түрiктерге сатып жiберген. Iнiм барып сұраған екен, «Ендi келетiн болсаң, үрiм-бұтағыңмен құртып жiберемiн» дептi. Мен өзiм барайын деп едiм. Iнiм қарсы болды. Бармадым. Бiрақ маған түсiмде Қажы баба аян бердi. Ол айтты: «Сен менiң жатқан жерiмдi әрi қарай қаз. Сонда осы қол шырағданның кiшкене сынығын табасың. Ол – сенiң бойтұмарың. Сол арқылы қола шырағданды да қайтарасың, әрi «алтын балықтың иесi» (не тiлесе, сол орындалады деген мағынада – Ә. Ж) боласың» – деп . Айтқандай, осы бойтұмарымды генерал Сәт Тоқпақбаев арқылы елбасыға көрсеттiм. Ол кiсi бойтұмарды қолына ұстап отырып: «Бұл Балтабай өзi Мәскеуде жүрiп, түс көрiп, Алматыдағы, Ремизовкадағы саяжайының жертөлесiнен бабасының қабiрiн тапса, жай адам емес екен. Табыңыздар, қола шырағданды! » – деген екен. Таптырып, елу миллион долларын төлеттiрiп, Орталық музейге қайта әкелгiзiп қойдым.

Көп адамдар: «Бұл Қажы баба деген кiм? Қай жүздiң, қай рудың адамы?» деген сұрақ қояды. Қажы баба өмiр сүрген қола дәуiрiнде ұлт деген болмаған, бұл жерде бүкiл түркi тектiнiң атасы жатыр.

Бiз жетпiс жыл бойы атеист болдық. Ал сөйткен Кеңес өкiметi ақыры қайда қалды? Құдайдың бар екенiн көрсетiп тұр, бұл кiсiнiң шығып отырғаны… Тәубә қылыңыздар, бүгiннен бастап барлық өткен-кеткендi ұмытыңыздар!

Шын ниеттерiңiзбен тiлесеңiздер, барлық жаманат атаулы жойылады.

Мен осы қола шырағданды таптырып берген Сәт Тоқпақбаевқа алғысымды айттым. Үлкен кiсi ғой. «Жарайды» дедi де қоя салды. Сол кiсi күндердiң күнiнде тiкұшақпен келе жатып, Леңгiр ауданында апатқа ұшырады. Тiкұшақ қақ бөлiндi. Жiгiттердiң бәрi қайтыс болды. Ал бұл кiсiнiң бiр тал шашы да түскен жоқ. Мiне, менiң ботұмарымды ұстаған кiсi.

Бiр күнi әйелiмiз екеумiз Астанада тұратын қызымыз Ләйләнiң үйiне бара жатқанбыз. Жолда кiтап сатып жүрген бiр мылқаудан «Сонник Нострадамус» деген кiтапшаны сатып алдым. Онда былай деп жазылған екен: «Сновидец найдет скелет короля. Под головой есть бронзовой светильник. И тот кто коснется кусочка, будет лететь в аэроплане, будет падать и останется живым, не повредим» деп. Көрдiңдер ме, Сәт Тоқбапақбаевты жазған. Ал сновидец дегенi –мен, ал король дегенi – Қажы баба. Король емей кiм ендi, басында қазына жатса? Мен Сәт Тоқпақбаевқа бардым. «Балтабай, маған сеннен артық әулие жоқ!» дедi. Мұны айтып отырған Қорғаныс министрi. Сiздер мен бiз сияқты жай адам емес. Мұны айтып отырған себебiм, тәубә қылыңыздар! Бiздiң жетi атамыздың жасаған пендешiлiгi кесiр болып ұрпақтарына тиiп жатыр.

Оған қоса, қазiр еркек те, әйел де азған. Iшедi, шегедi. Iштен таза, денi-қары сау бала тумайды. Жақсылық та, жамандық та өзiмiзден. Қайтып құтыламыз ол жамандықтан? Күнi-түнi мешiтке барып, басымызды қолдан жасап алған тасқа ұрамыз. Ол мешiттi адам өлтiрген де, сойған да салып жатыр. Қалай барып мен басымды иемiн? Мен оқыған адаммын ғой.

Мiне, мына кiсiнiң аруағы тiрiлiп жатыр. Осы жерге келiп құлшылық жасауымыз керек. Әрқайсысыңызбен Алла Тағала бiрге. Кейде көлiк апаты болғанда, адамдар тiрi қалып жатады. Қандай қиыншылық болса да, жеңiп шығып жатамыз. Бiзге Құдай көмектеседi.

Бiр тiршiлiк иесiне қиянат жасалмауы керек. Бiр күнi мен қасымда Халел деген досыммен бiрге Шымкенттен келе жатып, бiр шыбынды өлтiрiп қойып ем. Басым пәлеге қалды. Досым: «Саған шыбын өлтiруге болмайды» деп шыр-пыр болды. Қазiр адамдар бiрiн бiрi қанап, өлтiрiп жатыр, приватизация жасап жатыр. Мiне, содан бiз аз жасаймыз.

Әне, 63 жас мерейтойымның шақыру билетiне «120 жыл жасаймын» деп әдейi жазып отырмын. Құдайдың 120 жыл өмiр бергенiн дәлелдеу үшiн!. Ахмет Яссауи өмiр бойы Құдайға сыйынып, 120 жыл жасаған. Сол сияқты 120 жылдық мерейтойыма бәрiңiз келесiздер, келмей көрiңiздершi! Мен шынымды айтып отырмын. Қажы бабаның басында қулық-сұмдық ойлауға, өтiрiк айтуға болмайды. Менiң қызым Ләйлә Рахымжанова 1992 жылы Қазақстанның сұлулар сайысында жеңiмпаз атанды. Қасымда Сталиннiң Буран деген немересi бар, екеумiз келдiк. Сонда қалған қыздарыма: «Айналайын, сендер барлығың да жақсы жерге күйеуге шығасыңдар!» деп айтып ем. Айтқандай, қыздарымның бiреуi Сауд Арабиясына, бiреуi американға, бiреуi ағылшынға шықты. Қазiр рахат болды, әйелiм шетелге барып келiп жүр. Сөйтсе, менiң әр айтқан сөзiм орындалады екен. Өйткенi мен Қажы бабаның мұрагерiмiн. Менен көп кiсiлер бата алғысы келетiнi сондықтан. Мына менiң тұмарымның арқасы. Әрқайсыңыз қазiр ана жерге жазылыңыздар, тұмар алыңыздар. Ертең бұл жерге дүниежүзiнiң президенттерi келедi. Сол уақытта аттарыңыз тарихта қалады. Себебi маған Қажы баба: «Менiң тұмарымды таққан әр адам – сенiң әскерiң. Сонымен дүние жүзiн жаулап аласың» дедi. Ол жерде төрт жолды бәйiт бар:

«Жоғалтпассың, ұмытпассың,

Ұзақ болсын ғұмыр жасың,

Жоғалтпассың, тастамассың,

Аман болсын ғазиз басың» деген. Киелi кiтапта солай жазылған. Бұл тұмар неге керек? Көп адам ұйықтап жатқан кезiнде қайтыс боп кетiп жатыр. Роза Рымбаеваның күйеуi, Асанәлi Әшiмовтың баласы ұйықтап жатып бақилық болды. Балалар шошып оянады, үлкен адамдар ауырып-сырқайды. Мiне, тұмар осының бәрiнен сақтайды.

Сол тұмарға қоса, «Қазахстанкая правда», «Егемен Қазақстан» газеттерiне Қажы баба туралы жазылған мақала мен 100 адам жинайтын тiзiм бланкiсi берiледi. Аты-жөнiн, мекен-жайын немесе қуәлiгiнiң нөмiрiн жазып, 100 адам жинап келiңiздер маған. Өтiрiк кiсi жинауға болмайды, Қажы баба бәрiн тексередi. Сеңiңiздер! «Казахстанская правда» газетiнiң редакторы Квятковский мен мақала апарғанда сенбей, жарияламады. Тура осы жерге келiп қайтыс болды. Артынша, орынбасарлары қорқып, газетке мақаланы басты… Егер 100 адам жинап алып келсеңiздер, сiздерге Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi ұстаған бойтұмарымды ұстатамын. Сосын Қажы бабаның басына келiп құрбандық шаласыздар»

 

 

Сiздiңше, осы бiр уағызынан Балтабай Рахымжановтың ойдан шығарған ертегiсiнiң жылтыңы көрiнбей ме? Әрине, ғажайып жәдiгерiмен қоса табылған, б.з.д III-II ғасырларға жататын адам сүйегi, ғалымдардың пiкiрiнше, сақ-үйсiн көсемiнiкi болуы да мүмкiн. Бұл туралы ғалымдардың зерттеуiн келесiде жариялайтын боламыз.

Дегенмен, оның нақ Қажы баба екенiне, «124 мың пайғамбар болса, соның алғашқысы» екенiне бұлтарпас дәлел Балтабай Рахымжановқа түскен аян ба?

Бiр ғажабы, «аян беру» бүгiнгi аруақ жағалаған әр «бақсы- тәуiптердiң» жұртты алдап-арбау амалына айналды. Қазақта «ақиқаттың түбi шын, аруақтың түбi жын» деген сөз бар. Демек, аруақ бейнесiнде жынның да түске ену қабiлетi бар ғой.

Бiздiңше, Рахымжанов өзiнiң осынау ертегiсiн бiр кездерi жарық көрген Ә. Бүркiтбаевтың «Сақнаме» кiтабынан суыртпақтап отыр. Онда Қажы би Күнби жұртын Хань патшалығының шапқыншылығынан сақтау үшiн Үндi жағалай ауғаны, содан қиыр шығыста кушен (көш елi), Ауған деген ел құралғаны айтылады. Елiн аман сақтап қалған Қажы би қайтыс болғанда, Қадыр күнби бастап, қырық тоғыз күн бойы жүрiп отырып Сақ уәлаятының ата тұрағына жерлеген екен. Содан кейiн өлген адамның 49 күнiн беру қалыптасқан. Кейiн Асан әулиенiң ақылымен Қадыр Күнби бабалар әулетiне арнап керемет күмбез жасатып, Ауғаннан сақ әулетiнiң ата тұрағына ресми қажылық жасауға жол ашады. (Ә. Бүркiтбаевтың пайымдауынша, қажылық әуелi Исламда емес, бiзде болған. Ол сақтар өзiнiң ата тұрағын ұмытпас үшiн жасалған-мыс – Ә.Ж)

Қажы баба аты кiтаптың өне бойында жиi аталады. Соған қарағанда Балтабай Рахымжанов оны әдейi таңдап алуы ғажап емес.

«Сақнаме» кiтабының соңындағы «Негiзгi деректер қайдан алынды?» деген ақтық бөлiмде автор: «.. ата мұралары есебiнде 1804 жылдан бастап, патшалы Ресейдiң астанасы Санкт-Петербургтiң цензурасынан өткiзiп, Чирковтың ұрпақтарының баспаханасынан Құдыс бабамыздың бiрнеше кiтаптарын сол қалпында басып шығарған…. Мұнда Құдыс бабамыз (Сабыр атамыз құрған) Сақ мемлекетiн құрған және күнби болған жетi атамызды атаған. «Жетi атасын бiлмеген жетiмдiктiң белгiсi» дейдi Құдыс бабам.деп аяқтайды. Көрiп отырсыздар, бұл жерде Қажы бабаны «124 мың пайғамбардың алғашқысы» деп сипаттаған сөз байқалмайды. (Ә. Бүркiтбаев. Сақнаме./ Тарихи шежiре. 197-бет)

Құдыс бабамыз Сақ мемлекетiн құрушы жетi бабасын да пайғамбар деп атаған, оларға құлшынып, тәу еткен. Менiң ойымша, бiз де құлшынып, тәу еткенiмiз жөн шығар, ағайын!»

Оның үстiне, Әлiмқұл Бүркiтбаевтың аталмыш кiтабы кавказдық тарихшы қариямен сұхбаттаса отырып жазылған, iшiндегi бiрқыдыру жайттар тарихшылар арасында екiұдай пiкiр қалыптастырған болжам-бағдар деңгейiндегi дүние.

Ол аздай ендi Балтабай Рахымжанов Пайғамбар деген атақты өзiне тайсалмай тели салады. Баяғы сол сарыжағал басылым – «Аzia times Қазақстан» газетiнiң 2006 жылғы мамыр айында шыққан №3 санында «Билеушi Пайғамбар-Президент… немесе «Рахымжанов өткен өмiрiнде түрiк көсемi болған ба?» деген мақала басылыпты. Мақаладағы Билеушi Пайғамбар – Президент деген атақтың Рахымжановқа қалай бұйырғанына қатысты тұсты сөзбе-сөз келтiрейiк:

«Галина Пономаревадан эстафета алғандай, басқа көрiпкел Таисия Молоконова өзiнiң Балтабай Рахымжанов жөнiнде мынадай жаңалық ашқаны туралы баяндайды: «Ол түрiктердiң дiни және саяси лидерi болуға құштар. Түркiстанда арнайы атаққа ие болды. Оған БПП атағын аса танымал тұлға бердi. Қазiр Рахымжанов барлық күш-жiгерiн түрiк әлемiнiң рухани орталығы, түрiктердiң, мұсылмандардың зиярат ететiн және табынатын орны ретiнде планетада Түркiстан беделiн көтерiп, маңыздылығын арттыруға жұмсауда…»

 

Балтабай Рахымжанов өзiн атақтан кенде қылмайды: Қазақстан Республикасының Президенттiгiне экс-үмiткер, Халықаралық «Аль-Халел» ақпараттық агенттiгiнiң президентi, Халықаралық «Қажы баба» қоғамдық қорының президентi, Қазақстанның Ұлттық фермерлер қауымдастығының президентi, «Алаш» халықтық партиясының төрағасы, М. Нострадамус атындағы Халықаралық Академияның академигi, биология ғылымдарының кандидаты, Әлем емшiсi.

Әрине, бiз әлдекiмнiң атақ-абыройын қызғанбаймыз, бiрақ осы қаптаған шен-шекпенннiң қайсысы халыққа қызмет етедi, қайсысы қағаз жүзiнде Балтабай Рахымжановтың «имиджiн» көмкерiп жүр?

Бiр қызықты айтайын, Балтабай Рахымжановты Пайғамбар деп атауға кейбiр кiсiнiң аузы барды. «Сiз 63 жасқа, Пайғамбар жасына келдiңiз, Сiз Пайғамбарсыз!» деп асты-үстiне түсiп бәйек болып жатқан кейбiреулердi көргенде «Астағфираллаһ! » дедiк. «Ақыр заман таянғанда жалған Пайғамбарлар көбейедi» деген осы-ау.

Не Исламға, не ақылға қайшы, әр жерден бiр шалған балдыр-батпақ «ертегiсiн» көпшiлiкке уағыздаған Балтабайдың көздегенi не? Ағамыздың қасиеттi тұмарын ұстаған адам аурудан сауығып, жолы ашылады дейдi. Қалайша тұмар – зат адамның мұқтажын өтей алады? Сiрә, елге белгiлi азаматтарды алға тарта отырып, тұмардың қасиетiне иландыру – көпшiлiктiң санасын оп-оңай билеудiң таптырмас әдiсi. Исламда Аллаһтан өзгеге табыну – ширк. Сондықтан Қасиеттi Құранда да барлық күнәлар кешiрiлсе де, ширк күнәсi кешiрiлмейтiндiгi айтылады. Тұмарға табындыру – ширк

Бiз Балтабай Рахымжановтың «100 адамның қолын жинасаңдар, елбасы ұстаған бойтұмарымды ұстатамын» деген желiкпе жарнамасына да күмәнмен қараймыз. Айтуынша, олар халықтың қолдауына сүйенiп, Үкiметтен Қажы бабаның басын қарайту үшiн қаржы сұрамақшы. Осы құйтырқы әрекеттiң астарында саяси да есеп те жатуы мүмкiн. Балтабай Рахымжанов өзi төрағалық ететiн «Алаш» партиясының атынан алда-жалда тағы сайлауға түсе қалса, қарақұрым халықтың қолы Орталық сайлау комитетiнiң талабына сай дайын құжат боп шыға келедi емес пе?

11 Пікір »

  1. Осы мақаланы оқыған жұрт Аллаһ Тағала Құран Кәрiмде «Бiз сендерге қан тамырынан да жақынбыз» деген аяты барын ұмытпаса екен. Жаратушы иемiз қандай да болмасын шафағатшыға мұқтаж емес. Пайғамбардың ақыры – Алланың елшiсi деп әлемнiң жартысынан көбi Мұхаммед с.ғ.с –дi мойындап отырғанда, Исламды ата-баба дiнi ретiнде қастер тұтқан қалың қауымның қақ ортасынан жiк шығарып, дiни нанымымызды қорлап, елдi алатайдай бүлдiргелi тұрған Рахымжанов сықылды шарлатандар заң жүзiнде жауапқа тартылуы тиiс. Бiздегi дiни ождан, дiн бостандығы туралы заңнаманың өте осал екендiгiне, оған дереу өзгерiс енгiзу туралы халық талабының әбден орынды екендiгiне Ремизовкадағы төбе басындағы дәлдүрiш жиын үстiнде көзiмiз жеттi.

    Comment жазған nurbolatuli — Мамыр 27, 2008 @ 9:16 тд | Жауап

  2. Толық оқымасам да шолып шықтым. “Масқара” болған екен. Бұл жұрт қайтсе, тәубесіне келеді?
    Жазбаны орнатқаныңа рахмет!

    Comment жазған urimtal — Мамыр 28, 2008 @ 11:57 тд | Жауап

  3. Асхат, рахмет! Анау суретте қолтықтасып келе жатқан ағамызды көрдің бе? Совет-хан Ғаббасов деген жазушы.

    Comment жазған nurbolatuli — Мамыр 28, 2008 @ 12:36 тк | Жауап

  4. Астағфираллаһ! Не болып барады?

    Comment жазған urimtal — Мамыр 29, 2008 @ 9:12 тк | Жауап

  5. [...] Ілмектер: ислам, Islam, хадис |   Әділбектің блогындағы “туған күн бе, қуған күн бе” деген жазбаны оқыған [...]

    Кері сілтеме (Pingback) жазған Аллаһтан үміт үзбеу « Өрімтал — Мамыр 29, 2008 @ 9:15 тк | Жауап

  6. Биыл жазда біздің жаққа келіп, біраз тұмарлар сатып кеткені бар әлгі оңбағанның (бір тұмары 1000 теңгеден). Інімнің мойнында болған біреуін алып, лақтырып жіберейін деп едім, “Ішінде дұға бар”,-деп, қорқақтап қалды. Сосын: “Ондай болса ішін көрейік”,-деп, ашып көріп едім, Аллаһпен ант етемін, ішінде дұға түгілі сайтан да жоқ. Бар болғаны бір шумақ өлең. Соңына “Баба қажы” деп, қолын қойып, кәдімгі “пешатты” басып қойған.
    Бұл сорлы өзін пайғамбармын деп, мешіт салып, жұртты сол жерге қажылық жасатпақшы. Өзін “пайғамбармын” дейтін антұрғандардың тағы бірі. Кездесе алмай қалғаным өкінішті болды, әйтпесе біраз сөйлессем бе деп едім!!! Халқымыз алданып қалмаса болғаны.

    Comment жазған abuhajar — Мамыр 31, 2008 @ 11:41 тд | Жауап

  7. Абухажар, жаңағы тұмар туралы айтып отырғаның дұрыс, ішінде қарапайым ғана бір шумақ өлең!
    Бәлки, ол расымен бабамыздың сүйегі болса, ұрпағы келіп зиярат ететіндей басын қарайтып қоюға қарсы емеспін, тек өзін Пайғамбар атап не жыны бар десейші!

    Comment жазған nurbolatuli — Маусым 4, 2008 @ 9:37 тд | Жауап

  8. [...] тайдырушылар қашан да жазаланып отырған. Әділбектің “Туған күн бе, қуған күн бе” атты жазбасының жазылғанына біраз болды. Жазба өте [...]

    Кері сілтеме (Pingback) жазған kz.kazakhstan.neweurasia.net » Аптаның 7 жазбасы: Алматы - табанымның нүктесі — Маусым 23, 2008 @ 12:22 тд | Жауап

  9. Ағузубииляһ
    Осындай оңбағандардың басына найзағай түсіп шыжғырылып қалмайды-ау
    Аллаһ тиісті жазасын кешіктірмей берсін осы және келесі өмірде де
    надан қазақ халқы қашан Исламға оралады екен..

    Comment жазған zhandos — Шілде 11, 2008 @ 9:49 тк | Жауап

  10. ортенип олгир

    Comment жазған ой, акеннин... — Қазан 12, 2008 @ 3:12 тк | Жауап

  11. Пайғамбарымыз,соңғы пайғамбар,МұҺаммед(с.ғ.с.),тыныштық тілейміз оған.
    7-нші пікірлестің сөзіен қосыламын, тағы бір бабамыздың орны табылып басы көтерілсе ол тек ҰРПАҚҚА жақсылық,салауатты іс деп ойлаймын. Әрине сеніміміз бұзылмасын.
    Балтабай Рақымжановтың өзін-өзі пайғамбармын дегенін мақаладан оқығам жоқ, маңайындағылардың дақпырты болар…

    Comment жазған Мағжан — Тамыз 16, 2009 @ 7:02 тк | Жауап


Бұл жазбаға жазылған пікірлер үшін RSS-ке тіркелу Ізімен аңдуURI

Пікір жазыңыз

WordPress.com -дағы блог.